Лисаков қаласындағы форум: Жұмысшы мамандықтар — болашаққа бастар жол
Бүгін Лисаков қаласында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында білім беру аймақтық форумы өтті. «Жұмысшы кәсіптерді насихаттау» атты бұл шараның ұйымдастырушысы — Лисаков техникалық колледжі. Аталмыш оқу орнын қазіргі таңда біздің түлектеріміздің бірі — Жұлдыз Шамильқызы Қайпбаева басқарып отырғанын атап өткен жөн.
Форумның басты мақсаты — мектеп оқушылары арасында жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттау, кәсіби бағдар берудің заманауи әдістерін қолдану, жастарды нақты өндірістік ортаға баулу және білім беру ұйымдары арасындағы әріптестікті арттыру.
?Форумға Қостанай инженерлік-экономикалық университеті де белсене қатысты. Бұл оқу орны колледждің стратегиялық серіктесі ретінде өз бағдарламаларын ұсынып, студенттерге колледжден кейінгі кәсіби білім алудың мүмкіндіктерін таныстырды.
Университеттің Мансап және бизнес-көшбасшылық орталығының директоры Ай-Гүл Сералиқызы Сегізбаева мен жастар саясаты Департаментінің директоры Жанар Сейілханқызы Нұрғазина, маркетинг және коммуникациялар бөлімінің басшысы Жалғасбек Мырзағалиұлы Шөкенов колледж студенттерімен кездесіп, олардың кәсіби таңдауларын жалғастыруға шабыт берді. Сонымен қатар, студенттік кеңестің төрағасы Аружан Дәулетназарова университеттегі студенттік өмірмен бөлісті.
Форум аясында қатысушылар түрлі семинарлар мен практикалық сабақтарға, цифрлық технологиялар саласындағы құзыреттілік орталығы мен жаңа оқу кабинеттерінің ашылу салтанатына қатысты.
Бұл форум — жұмысшы мамандықтарын дәріптеудегі маңызды бастамалардың бірі. Мектеп, колледж және университеттің бірлескен жұмысы жастарға сенім мен нақты жол сілтей алады.